Қазақстан және Франция: өзара ынтымақтастықтың  жаңа бағыттары

Жақын арада Францияның дүкен сөрелерінде қазақстанның жылқы еті үлкен көлемде пайда болуы мүмкін. Бесінші республика отандық өндірушілерден 10 млн долларға өнім алуға дайын. Бұл тараптар арасында экспортқа арналған ветеринариялық сертификат берілгеннен кейін жүзеге асырылады. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Silk Way телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында мәлімдеді. Сонымен қатар Қайрат Төребаев атап өткендей, Франция органикалық өнімдер нарығында әлемдік көшбасшылардың бірі және өзінің жинақталған тәжірибесімен бөлісе алады. Тұтастай алғанда, екі ел болашақтағы өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын анықтады. Бұған ауыл шаруашылығынан басқа фармацевтика және энергетика секторлары кіреді. Жалпы, Қайрат Төребаевтың айтуынша, осы аптада Астанада ірі халықаралық іс-шаралар мен жоғары деңгейдегі кездесулер өткізу Қазақстан экономикасын дамытуға және республикаға қосымша инвестиция тартуға септігін тигізері анық.

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
- Экономикалық және басқа да қарым-қатынастар орнатып отырған елдер біз үшін маңызды екенін атап өткім келеді, мысалы, Франция Қазақстанның Еуропалық Одақтағы негізгі сауда серіктесі болып табылады. Өсім көрсеткіші жыл сайын шамамен 30%-ке артқанын көріп отырмыз. Осындай іс-шаралар аясында екі жақтың сауда режимін жақсарту бойынша белгілі бір міндеттемелерге,  әртүрлі келісімдерге, инвестициялық келісімшарттарға қол қойылды. Бұл экономика үлкен әсер етері анық. Сондықтан да мұндай оқиғалар жалпы алғанда республика үшін аса маңызды.