Қазақстандық оқушылар «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқиды

Қазақстандық оқушылар «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқиды

Зияткер ұрпақ тәрбиелеу. Келер жылдан бастап Қазақстандағы бастауыш сынып оқушыларына «Цифрлық сауаттылық» пәні енгізілмек. Балғындарға электрондық құрылғылар мен интернет ресурстарды пайдалану қауіпсіздігі, алгоритмдер мен бағдарламалау негіздері, сондай-ақ робот техникасы оқытылады. Сондай-ақ оқулықта анимациялық бағдарлама да қамтылған.

Диас Алдамберген, №85 мектеп-лицейдің 1 сынып оқушысы:

- Мысық пен спортзалда істейтін адамды жасадым. Мысықтарды қозғалттым, басқа да жануарларды жасадым. Мен компьютерді 5 жасымда үйрендім.

Абылай Қазымбеков, информатика пәнінің мұғалімі:

- Қазір пандемия кезінде барлығы онлайн оқуға көшкен уақытта бұл пәннің қажеттілігі туындады. Жарнамаларға немесе қажет емес сайттарға кірмес үшін арнайы бағдарламалар да бар. Жалпы сервер арқылы ол жерде де сондай бұғат қойылған. Біз қосымша бағдарлама орнатамыз, балалар қажет емес ақпараттарға кіре алмайды.

Жаңа пәнді информатика мұғалімдері оқытады, сондықтан олар арнайы қайта даярлаудан өткен. «Цифрлық сауаттылықты» оқыту қаңтар айынан, яғни үшінші тоқсаннан басталады.

Айта кетейік, бұған дейін оқушылар үшінші сыныптан бастап «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнін оқыған болатын.