ҚР Премьер-Министрі қытайлық компанияларды экономикалық кооперацияны дамытуға қатысуға шақырды

ҚР Премьер-Министрі қытайлық компанияларды экономикалық кооперацияны дамытуға қатысуға шақырды

Қазіргі геосаяси ахуал жағдайында елдеріміздің тұрақты экономикалық дамуы үшін күш-жігерімізді біріктіру керек. Ел Премьер-Министрі қытайлық компанияларды қос тарап арасындағы іскерлік әріптестікті кеңейтуге шақырды. Әлихан Смайылов Шанхайда өткен Қытайдың 6-шы халықаралық импорттың көрмесінің ресми ашылу салтанатында сөз сөйледі. Бұл – ауқымды көрме жыл сайын әлемнің 130-дан астам елінің өкілдері қатысатын жаһандық іскерлік алаң. Бүгінде Қытай Орталық Азия елдерімен іскерлік байланыстарды белсенді түрде кеңейтуде. Өткен жылдың соңында сауда көлемі 70 миллиард долларды құрады, оның жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Тараптар оң динамиканы ескере отырып, 2030 жылға қарай өзара алыс-беріс 100 млрд долларға жететініне сенімді.

Әлихан Смайылов ҚР Премьер-Министрі:
- «Қытай – Еуропа» бағыты бойынша контейнерлік тасымалдарды одан ары ұлғайту үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді пайдалануды ұсынамыз. Бұл тауар тасымалдау уақытын екі есеге қысқартады. Қазақстан-Қытай шекарасында 3-ші теміржол өткізу пунктін, «Бақты» және «Қалжат» өткелдерінде «құрғақ порттарды», Ақтауда контейнерлік хаб салу және Орта дәліз бойында Қара теңіздегі порт қуаттарын кеңейту көзделген. Қытайлық көлік компанияларын аталған жобаларға қатысуға шақырамыз.

Сонымен қатар Қазақстан Қытаймен ауыл шаруашылығы саласында әріптестікті кеңейтуге мүдделі. Өз кезегінде бұл өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін нығайта түседі. Өзара әрекеттестіктің тағы бір перспективалық бағыты – өзара электронды платформаларды пайдалану. Оның үстіне, бүгінде мұнда бизнесін дөңгелетіп отырған отандық кәсіпкерлер де бар. Осылайша, биылғы жылдың мамыр айында «JD.com» платформасында Қазақстанның Ұлттық павильоны іске қосылып, «Alibaba Group»-пен өзара іс-қимыл күшейтілді. Қазақстан логистиканы өзара тиімді негізде оңтайландыру үшін бонд қоймаларының құрылысын дамытуға дайын,- деп атап өтті Үкімет басшысы.