Неліктен Сұлтан Бейбарыс басқарған кезең «Египеттің алтын дәуірі» аталды?
Сұлтан Бейбарыс басқарған кезеңнің «Египеттің алтын дәуірі» аталуына қандай деректер айғақ? Қағбаға жабылатын қара жібек матаны ауыстыру мәртебесін атқару неліктен қыпшақтарға тапсырылды? Төрт мәзһаб бойынша ілім беретін ілгері оқу орны – «әл-Азһарды» қайтадан ашқан қай бабамыз?
Жаңа да осында. Көне де осында. Африка құрлығындағы ең үлкен әрі ең ескі базар – Хан эль-Халили. Мұнда келсеңіз, нағыз Мысыр атмосферасын сезінесіз. Ал осыдан 7 ғасырдай уақыт кейін шегінсеңіз, бұл жерден қазақы иіс аңқып тұратын тәрізді...
Тарихшылардың айтуынша: сұлтан Бейбарыс бастаған қыпшақ мәмлүктерінің заманында Египеттің көшелерінде қазы-қарта мен қымыз сынды қазақтың ұлттық тағамдары сатылып, Нілдің жасыл желекті жағалауында төрт түлікті төлдеткен екен.
Тіпті Хеопс пирамидасының ұшар басынан да – Ұлы даланың ұлы туындысы «мен мұндалаған» деседі. Батыр бабамызға қатысты ақпараттардың ақ-қарасын «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы анықтауға тырысты.
Сұлтан Бейбарыстың пирамиданың үстіне киіз үй орнатқандағы арғы ойы не? Оның астарында – төл құндылықты төрге оздырудан да артық мұрат аңдағайлайтын тәрізді. Сұлтан Бейбарыстың тұсында Ислам діні қарқынды түрде қанат жайған. Ал пирамида дегенің – көп сенімнің көрінісі. Мұның, яғни өздерін құдірет иесі Құдай санаған перғауындардың – бұқара санасын бұлыңғыр еткені де жасырын емес. Осындай себептерге байланысты болар... «Алладан басқа Жаратушы жоқтығына» сенімі кәміл сұлтан Бейбарыстың өз ордасын перғауындардан биік қоюы.