«Сиверс ағашының гүлденуі» халықаралық мәнге ие фестивальге айналуы мүмкін

Бұл үміттері бекер емес. Қазақстан жабайы алма отаны саналады. Тек біздің елде кезігетін бірегей жеміс ағаштары қорының тең жартысы дәл осы қорықта шоғырланған. Жыл сайын алма бұталарының гүлденуін тамашалауға елдің жер-жерінен және шет мемлекеттерден мыңдаған адам келеді. Биылдың өзінде екі мыңнан астам адам олардың бүршік жару сәтін қалт жібермеген. Бұған қоса, келушілер жұпар иісті гүлге оранған саябақты аралап шығу үшін қызықты туристік бағыттар ұсынылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жеміс ағашы жапондық сакура сынды Қазақстанның ұлттық нышанына айналып келеді. Осыны елге туристер ағынын арттыру қамында ұтымды пайдалану керек дейді. 

Марат Қабиев, «Жоңғар-Алатауы» МҰТП директоры:

- Бүгінгі таңда саябақта 11 туристік бағыт және 2 экологиялық жол бар. Олардың ішінде, жабайы Сиверс алма ағаштары бойымен құрылған бағыт үлкен сұраныста. Қорыққа бас сұққан жанның бәрі осы жолмен жүріп өткісі келеді. Оны біз ғылыми танымдық тур деп атаймыз.

Бұл бағыт мамыр айынан бастап қазанға дейін ашық. Оны таңдаған адам  көктемнің соңы, яғни мамыр бойы ағаштардың гүлдену сәтін тамашалай алады. Бұл өте әсерлі, әдемі көрініс. Менің ойымша, Сиверс алма ағашы әлемге танымал жапондық сакурадан еш кем түспейді.