1,1 млн қазақстандық коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін алды
1 млн 117 мыңнан астам қазақстандық коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын алып үлгерді. Препараттың бірінші компонентін 2 млн 158 мыңнан астам адам қабылдады. Мұндай мәліметті еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі келтіріп отыр.
Сонымен қатар кардиологтар жүрек-қан тамырлары патологиясы бар адамдарға иммундаудан өтуге қорықпауға кеңес береді. Егер осындай диагнозы бар науқастар коронавирусты жұқтырған жағдайда салдары ауыр болады. Себебі, COVID-19 инфекциясы қанның қоюланып, ұюына алып келеді. Мұндай тромбоздық асқыну салдары өлімге әкелуі мүмкін және миокард инфаркты немесе инсультті қоздыруы мүмкін.
Мақсат Құдратуллаев, кардиолог:
- COVID-19 ауруының тромботикалық асқынулары бар. Ол біздің жүрек-қан тамыр жүйесі бар науқастарға кейде өте ауыр соғады. Себебі науқастардың көбінде қан тамырларының қабырғасындағы түйіншіктер бар. Сол жерге COVID-19 кесірінен тромботикалық асқыну болса, ол инфарктқа немесе инсультке алып келеді. Соны жіберемеу үшін алдын ала екпе жасап, сол асқынулардан қорықпай өмір сүру керек.