11 мың әйел алимент төлеуден қашып жүр

11 мың әйел алимент төлеуден қашып жүр

Алимент төлемейтін аналар көбейіп барады. 11 мың әйел міндетті төлемді кешіктіріп жүр. Жалпы, елде проблемалы алимент төлеушілер 300 мыңнан асады. Олардың қарызы 33 миллиард теңге. Бұл соңғы 9 айдағы көрсеткіш. 7 мыңнан астам борышкерге елден шығуға шектеу қойылған. Биыл олардың 3 484-і әкімшілік, 291-і қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Еске салайық, алимент төлеуден жалтарғандардың алдымен банк карталары, жүргізуші куәліктері бұғатталады. Мұнан кейін мүліктеріне де тыйым салынып, тәркіленуі мүмкін. Оған да көнбесе 2 жылға бас бостандығынан айырып, қылмыстық іс қозғалады.

Талғат Уәли, ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі:

– Әділет министрлігінің атқарған ауқымды жұмысының нәтижесінде биыл 7 млрд теңге сомасына алимент бойынша берешек өндірілді. Алимент туралы өндірістердің 95,6%-ы бойынша өндіріп алу ай сайын жұмыс берушілердің бухгалтерлік қызметтері арқылы жүзеге асырылады.