12 адамның өлімі: сотқа дейінгі тергеу басталды

12 адамның өлімі: сотқа дейінгі тергеу басталды

Жетісайдағы 12 адамның өмірі қиылған өртке қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Президент тапсырмасымен құрылған комиссияның жетекшісі әрі вице-премьер Қанат Бозымбаев бүгін осылай деді. Әзірге бұл оқиғада қылмыстық құрам табылмаған. Тек өрттің шығуына нақты не себеп болғаны анықталып жатыр. Ал іс «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша қозғалған. Кеше Жетісайдағы Алғабас ауылында тұрғын үйден өрт шығып, бір әулеттің 12 мүшесі қайтыс болған оқиға тіркелді. Оның 9-ы - бала. Күйік шалған 3 адам қазір ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр. Үкімет марқұмдардың отбасына көмек көрсетіп жатыр.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрдің орынбасары:

- Кеше мен Үкіметтік комиссияның отырысын өткіздім, жерлеу рәсімін ұйымдастыру және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету, өрттің туындау себептерін анықтау, сондай-ақ осындай жағдайлардың алдын алу шараларын жүргізу бойынша бірқатар тапсырма бердім.

Рейдтер жүргізу қажет — Премьер-министр тапсырмасы

Қыс келіп, жылу маусымы басталғалы тұрмыстық қауіпсіздік шарасы да күшейтіліп жатыр. Дегенмен, Премьер-министр Үкіметтегілерге барынша қырағы болуды тапсырып отыр. Әсіресе, Төтенше жағдайлар қызметі үйінде пеш жағатындарға жиі рейд жасап баруы тиіс. Жер үймен қоса, жатақхана, хостел, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тұратын баспанаға бақылауды күшейту керек екені ескертілді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Өңір әкімдіктері газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалануға бағытталған алдын алу шараларын жүргізу бойынша газ-техникалық инспекцияның жұмысын күшейтсін. Орын алған жағдайдан дұрыс қорытынды шығарып, алдағы уақытта ондай оқиғаларға жол бермеу үшін нақты ұсыныстар әзірлеу керек.