12 маусым – Қазақстанда ұлттық аза күні

12 маусым – Қазақстанда ұлттық аза күні

Тиісті өкімге Мемлекет басшысы қол қойды. Ел бойынша мемлекеттік тулар жартылай түсірілді. Ойын-сауық іс-шаралары мен телерадио бағдарламаларын тарату тоқтатылды.

Еске сала кетейік, қызыл жалын орман шаруашылығының 14 қызметкерінің өмірін жалмады. Мемлекет басшысы марқұмдарды «Құрмет» ордендерімен марапаттады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке қаза болғандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды. Бір күн бұрын Мемлекет басшысы оқиға орнында болып, өрттен зардап шеккен аймақтарды аралап, орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мен жақындарына жеке көңіл айтты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Жедел штабтың отырысын өткізді. Мемлекет басшысына өрт салдарын жою, жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарын эвакуациялау және зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды. Президент бүгінгі күннің басты міндеті – адам шығынын болдырмау, өртті оқшаулау екенін айтып, Үкімет пен әкімдіктерге бірқатар тапсырмалар жүктеді.  

Атап айтқанда, бұл – келтірілген шығын көлемін жедел бағалау, қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына өтемақы төлеу, барынша қолдау көрсету.

Еске салайық, Абай ауданында өрт салдарынан 60 мың гектардан астам орман өртенді. Қазіргі уақытта жедел жұмыстар жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, бүгінде қызыл жалынды ауыздықтауға жел мен аптап ыстық  қиындық тудыруда.