20 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды

20 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды

Шымкентте Тәуелсіздік мерекесі аясында 20 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды. Қоныс тойын тойлағандар осыған дейін Көксай шағынауданындағы апатты деп танылған үйлерінде тұрған. Бірақ есік үйлер сүрілуге беріліп, орнына Шымкент-сити және Тұран шағынауданынан жаңа пәтер беруге әкімдік шешім шығарған.

Қоныс тойын тойлағандардың қатарында Тазагүл Ырзағазиева да бар. 24 жылдан бері Көксай шағынауданында тұрады. Ескі үйінің қабырғалары сөгіліп, шатыры опырылуға шақ қалған. Көпбалалы ана үйінді астында қаламыз ба деп қауіптенгенін айтады.

Тазагүл Ырзағазиева, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Менің ерекше балам бар. Бірінші этаж бола ма еп өтініш айттым. Бірақ болмады деген. Қазір қарасам 1 этаж. Қуанып тұрмын. Үй өте керемет. Қуанып тұрмын. Мына жерге келіп, өзімді басқа елде жүргендей сезіндім. Қаланың ортасына, әдемі жерге алып келгеніне шүкір. Сол көршілерімізбен қайтадан бірге, қайта көрші болып жатқанымыз одан сайын қуаныш болып тұр.

Таза әрлеумен тапсырылған пәтерлердің бұрынғы үйден аумағынан кем емес. Баспана кілтін тұрғындарға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өзі табыстады.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:

- Мейрамға қарсы алған кісілер, үйлеріңіз құтты болсын. Әрдайым жақсы жаңалықпен, жақсы себептермен кездесіп жүре берейік.  Бұл жұмыс тоқтамайды. Көріп жатырсыздар ғой. Шетінен беріп жатырмыз. 

Тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында 103 отбасы жаңа пәтердің иесі атанды. Алдағы уақытта Көксай шағынауданы ажарлана түспек. Тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалады. Жоспарға сәйкес, заманауи мектеп, әлеуметтік нысандар, жаңа көпқабатты тұрғын үйлер және саябақ салынады.