40% жуық қазақстандық халық санағына онлайн қатысты
Қазақстандықтардың 40% жуығы, яғни 7,5 миллионнан астам адам халық санағынан онлайн форматта өтті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов мәлімдеді. Ұлттық шараға қашықтан қатысып үлгермеген азаматтар интервьюерлердің сұрақтарына оффлайн жауап бере алады. Мамандардың үй-үйді аралауы 30 қазанға дейін жалғасады.
Нұрболат Айдапкелов, Ұлттық статистика бюросының басшысы:
- Біздің интервьюерлер 3 млн 792 мыңнан аса адаммен сауалнама жүргізді. Осылайша санақтан өткендер үлесі 60% жетті. Халық санағы – еліміз үшін аса маңызды шара. Сондықтан оған бір кісідей баршамыз жұмыла атсалысуымыз қажет. Интервьюерлер де ел азаматтары екенін ұмытпайық. Еңбегін бағалап, құрмет көрсетіп, түсіністік танытуларыңызды сұраймыз.
Айта кетейік, ұлттық санақтың негізгі кезеңі аяқталған соң бақылау аралау қарастырылған. Бұл жұмыс 1-7 қараша аралығында жүргізіледі. Осы кезеңде шамамен респонденттердің 10% қамтылатын болады.