Абайдың 180 жылдығы: Ғылыми апталық басталды
Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, ғылыми жаңалықтарды
коммерцияландырып, қолданбалы зерттеулерге басымдық беру қажет. 14 наурызда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында осылай
деген еді. Енді, міне, осы бағытта Алматыдағы Абай атындағы қазақ ұлттық
педагогикалық университеті жанындағы Abai Labs ғылыми-инновациялық паркі
аясында жаңа зертхана ашылды. Орталық заманауи білім беру технологияларын
дамытуға, әсіресе виртуалды және толықтырылған шынайылық технологияларын оқу
үдерісіне енгізуге бағытталған. Абай Құнабайұлының 180 жылдығына орай білім
ордасында дәстүрлі Ғылым апталығы да бастау алған. Іс-шара барысында «Абай
мұрасы – руханият қазынасы» атты ғылыми семинар мен Abaı Innovation Fest
көрмесі, сондай-ақ халықаралық конференциялар, TED форматындағы кездесулер,
шетелдік сарапшылардың дәрістері мен түрлі байқаулар ұйымдастырылады.

