Ағаштан тұрғызылған ерекше мешіт – Хон Пике
Бүгінде Қазақстанда 3,5 мыңнан астам мешіт бар. Олардың әрқайсысы әртүрлі кезеңдерде салынды. Ең ескі дегендері осыдан бірнеше ғасыр бұрын тұрғызылса, көпшілігінің іргесі жақында ғана қаланды. Әр дәуірде салынған маңызды бұл ғимараттар мәдени, тарихи құрылыс ретінде, еліміздегі сәулет өнерінің құнды ескерткіштері қатарына енген.
Жаркенттегі ағаштан тұрғызылған мешіт бірегейлігімен ерекшеленеді. Шыны керек, сырттай будда храмына ұқсас, ислам сәулет өнерін – Орта Азия аумағынан жиі кездестіре бермейсіз. Мұндай стильдердің үйлесімдігінің сырын ұғу үшін, мешіт салына бастаған XIX ғасыр соңындағы тарихи кезеңнен жауап іздеп көрейік. Ол кезде Ұлы Жібек жолы Қытай шекарасына жақын орналасқан Жаркент қаласы арқылы өтетін. Аспан асты елінің іргелес жатуы тек саудаға әсер етіп қоймай, сонымен бірге, екі елдің мәдени байлынысы, сол жақтағы халықтың өмір салтының көптеген салаларына да өз ықпалын тигізді. Бұл мешітті салу үшін қытайлық сәулетші – Хон Пике қалаға арнайы шақырылды.