Ақмоланың орталық алаңындағы фотосессия
1974 жыл. Парижде Шарль де Голль атындағы әуежай ашылды. Кеңестік «Салют-3» орбиталық ғарыштық бекеті іске қосылды. Ричард Никсон Уотергейт дау-жанжалына байланысты, қызметінен кетемін деп жариялады.
Мынау да 74-жылы түсірілген сурет. Әлемдік деңгеймен алғанда, қарапайым болып саналатын оқиға – Ақмола қаласының орталық алаңы, үйленіп жатқан жастардың серуені.
Бұл сурет әлеуметтік желі беттеріндегі Нұр-Сұлтанның ретро-фотосуреттеріне арналған пабликтердің бәрінде кездеседі. Зер салып қарасаңыз, бұл жерден үйленіп жатқан бір емес, екі жұпты көруге болады. Гүл ұстаған қыздың ар жағынан ақсары қалыңдық көрінеді, фотографтың алдына өту үшін өз кезегін күтіп тұрған сияқты. Яғни бұл фото кеңес дәуірінде, Ленин алаңының суретке түсетін танымал орын болғанын дәлелдейді.
Солай болатын жөні де бар. Қаланың елеулі архитектуралық нысандары дәл осы Ленин алаңының маңында орналасқан еді. Мысалы, содан бірнеше жыл бұрын салынған, елорданың алғашқы қонақүйлері болып табылатын - «Есіл» мен «Мәскеу» мейманханалары. Үйленіп жатқандардың суреті осы ғимараттардың фонында түсірілген. Жас жұбайлар Ленин алаңында тұрғанымен, айналадағы қызықты нысандар кадр сыртында қалған. Соның біреуі –облыстық партия комитетінің Қазақстандағы ең үлкен ғимараты.