АҚШ-тың 14 штатында бас прокурорлар TikTok желісін сотқа берді
АҚШ-тың 14 штатында бас прокурорлар Тикток желісін сотқа берді. Қытайлық компанияға балалардың денсаулығына зиян келтірді деген айып тағылып отыр. Бұл туралы Вашингтон пост басылымы хабарлады. Желінің алгоритмі пайдаланушының психологиясына кері әсер ететін видеолардың таралуына әкеп соғатын көрінеді. Яғни, телефонға ұзақ телмірген балалардың бойында үрей, депрессия пайда болады, дейді айыптаушылар. Сондай-ақ, прокурорлардың бірі тиктокты заңсыз төлем жүйесін қолданады деп кінәлады. Қытайлық компания өкілдері тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеді. Еске салайық, ақпан айында АҚШ Конгресі қытайлық ByteDance компаниясын алты ай ішінде қосымшаның Америкадағы активтерін сатуға міндеттейтін заңға дауыс берген. Әйтпеген жағдайда ел аумағында TikTok бұғатталатынын ескертті.

