«Alem Saz» фестивалінде неміс пианистері виртуозды шоу ұйымдастырды

Астанада өткен «Әлем саз» халықаралық музыка фестивалінің жабылуында немістің әйгілі виртуозды пианисттерінің шоуы елордалық көрермендерді таң қалдырды.  «Қазақстан» орталық концерт залының сахнасында Штефан Ве мен Марсель Дорнның «Pianotainment» фортепианолық дуэті өнер көрсетті. Шетелдік қонақтар көрермендерге ерекше шоу бағдарламасын ұсынды. Музыканттар әртүрлі стильдер, бағыттар мен жанрларды өзара шебер үйлестіріп, микс шығармаларын көпшілікке паш етті. Артистер 25 жылдан астам уақыт бойы 100-ден астам елде концерт беріп, халықтың жүрегін өз өнерлерімен жаулап келеді. Музыканттар осындай жетістікке жету жолдарымен Silk Way телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында бөлісті.

 Штефан Ве, пианист, Германия:
-Біз екеуіміз де бала кезімізден, 4-5 жастан бастап алғаш қолға аспапты ұстадық. Дуэт құру идеясы әскерде жүргенде пайда болды, ол кезде небәрі 18-19 жаста едік. Әскери қызметте жүргенде екеумізді де музыка өнеріне, фортепианода виртуозды ойнауға деген ортақ сүйіспеншілік пен құштарлық біріктіретінін түсіндік, яғни, самба мен босса нова сияқты екі мүлде бөлек музыкалық бағытты бір арнаға үйлестіріп, тамаша музыка шығаруға болатынын білдік. Содан бері біз барлық жерде бірге өнер көрсетіп, дуэтімізді Pianotainment деп атадық. Біз бір фортепианоны  бөлісіп ойнау арқылы қалың жұртқа тамаша көңіл-күй сыйлаймыз.

Бұл музыканттардың Астанада дебюттік өнер көрсетуі емес. Артистер 2019 жылы «Германияның мәдени күзі» фестивалі аясында алғаш рет сахнаға шыққан. Пианистердің айтуынша, биылғы жылы осындай ауқымды фестивальді өз өнерлерімен жабу үлкен мәртебе. Сонымен қатар Германияда бұл күндері бірлік күні тойлануда. Музыканттар мұндай ілтипат Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени байланыстың берік, мызғымас достық пен ынтымақтастық қарым-қатынастың орнағанының дәлелі деп қосты.