Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Қазақстан Президентінің АҚШ сапары жайында

Бүгінде Орталық Азия әлемдік экономиканың келешегі зор және маңызды ойыншысына айналуда. Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Ерсұлтан Жансейітовтың айтуынша, Америка президентінің Орталық Азиядағы барлық мемлекеттердің басшыларымен С5+1 форматындағы алғашқы кездесуі Батыстың аймаққа және шын мәнінде көшбасшысы атанған елімізге деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Отандық сарапшының пікірінше, бұл түсінікті де. Өңірде өсудің оң динамикасы байқалып, бес республиканың экономикалық байланыстары нығайып келеді. Бұл ретте, дәстүрлі ресурстармен сауда жасаумен қатар, елдер транзиттік әлеуетті күшейте отырып, логистиканы дамытуда. Ал Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің ауқымы мен мүмкіндіктерінің арқасында Шығыс пен Батыс арасындағы байланыстырушы буын болып табылады.

Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
-Біз Орталық Азия аймағы, ең алдымен, Америка Құрама Штаттары үшін экономикалық тұрғыдан ғана емес, саяси тұрғыдан да қызығушылық тудырып отырғанын көрдік. Біріншіден, бұл Ауғанстан мәселесі. Біз білетіндей, қазіргі геосаясаттағы түрлі үдерістерге қарамастан, Ауғанстан мәселесі әлі шешілген жоқ. Жалпы алғанда, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға барлық мемлекеттер, әлемдегі ең ірі елдер, соның ішінде АҚШ мүдделі. Бұл тұрғыдан Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің Вашингтонмен мүддесі ортақ. Сондықтан біз құрама штаттармен түрлі салада ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Оның ішінде инвестиция, экономика, саяси тұрғыдағы әріптестік бар. Жалпы алғанда тараптар стратегиялық серіктес болып келеді.