Алматы педагогтары халықаралық тағылымдамадан өтеді
Алматы педагогтары білімін шетелдерде шыңдап жүр. Бүгінде шаhарда 24 мыңнан аса педагог жұмыс істейді. Ұстаздар мерекесіне орай қала әкімі Ерболат Досаев оларды салтанатты түрде құттықтады.
Айта кету керек, 2022 жылы басталған біліктілікті арттыру бағдарламасы аясында педагогтар халықаралық тағылымадан өтеді. Биыл жыл басынан бері алматылық 400 педагог шет елде біліктілігін арттырып келді. Жетоқсан айының соңына дейін тағы 40 мұғалім Малайзия, Қытай, Германия және Польшадағы жетекші білім беру ұйымдарына аттанады.
Дәурен Сағынғалиев, Жаңа технологиялардың ғылыми әдістемелік орталығының директоры:
– Сингапурлық компания Marshall Cavendish тарапынан біздің 70 педагогымыз өзінің біліктілігін арттырған болатын. Және каскадтты оқыту жүйесі арқылы біз бұл тәжірибені Алматыдағы өзге де мектептерге қолданатын боламыз. Одан бөлек Сингапур мемлекетінде 63 информатика пәнінің мұғалімі де өзінің кәсіби біліктілігін арттырып, жаңа технологиялар саласындағы дағдыларын жетілдірген болатын.
Күнбала Сығаева жарты ғасырдан бері ұстаздық етіп келеді. Тіл мәселесіне қатысты 70-ке жуық мақала жариялаған. Ұстаздарды ұлықтаған кешке ол қадірлі қонақ ретінде қатысты. Айтуынша әр педагог өз ісіне адал болғаны абзал.
Күнбала Сығаева, қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі:
– Зейнетке шыққаныма қанша уақыт болса да, патриотпын. Өз мамандығымды өте жақсы көремін. Қазақ тілі мен әдебиетін. Сондықтан әлі күнге дейін сол мектепте жұмысымды жалғастырып келемін. Шәкірттерім өте көп. Шет мемлекеттерде Болашақ бағдарламасымен оқып жатқандар да бар. Бітіріп келгендері де бар. Олар ұмытпай келіп сәлем беріп тұрады.
Салтанатты жиында білім саласының бірқатар қызметкерлері марапатқа ие болды. Сала үздіктеріне «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері табысталды.

