Алматы полициясында 700-ден астам бұрымды қызмет етеді

Алматы полициясында 700-ден астам бұрымды қызмет етеді

Погон таққан ару. Әдетте полиция дегенде көпшіліктің көзіне мығым денелі ер адам елестейтіні анық. Десе де тәртіп сақшыларының қатарында ер-азаматтармен иық тірестіріп жұмыс істеп жүрген нәзік жандылар да бар. Солардың бірі – Жанна Шонжанова. Бала кезінен полиция болуды армандаған ару алғашқы кезде олардың формасына қызыққан. Өсе келе жауапкершілігі зор мамандықтың иесі атануға бекініпті. Міне, 15 жылдан астам уақыт бойы құқық қорғау саласында еңбек етіп келеді.

Жанна Шонжанова, Қалалық ПД ЖПҚБ Ювеналды полиция бөлімінің бастығы:

- Маған балалармен жұмыс істеген ұнайды. Біздің міндетіміз – кәмелет жасқа толмағандардың құқығын, бостандығын, заңды мүдделерін қорғау. Қиын өмір жағдайында қалған балаларды, отбасыларды анықтау. Өз міндетін дұрыс атқармайтын ата-аналарды дұрыс жолға салу.

«Қаншама қиын жеткіншектердің есейіп, өмірде дұрыс жолды таңдап, бақытқа қол жеткізіп, отбасын құруы – өз еңбегіме берілген ең объективті баға», – дейді Жанна. Олар бүгінгі таңда подполковникке келіп, жасаған барлық ісі үшін алғыс айтады.

Жанна Шонжанова, Қалалық ПД ЖПҚБ Ювеналды полиция бөлімінің бастығы:

- Жалпы нәзік жандылар əйелге тән ұқыптылық, жауапкершілік сияқты қасиеттердің арқасында жақсы жұмыс істейді деп ойлаймын. Бірақ әрине, стрестік жағдайлар да болып тұрады. Дегенмен егер сіз өз жұмысыңызды қатты жақсы көрсеңіз, ешқандай қиындықтар болмайды.

Алматы полициясында 700-ден астам бұрымды қызмет етеді. Олар құқық қорғау саласының бар ауыртпалығын ер азаматтармен тең көтеріп келеді.