«Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлері анықталды

«Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлері анықталды

«Алтын сапа» президенттік сыйлығының иегерлері анықталды. Мерейтойлық 15-ші марапаттау рәсімі елордада өтті. Оған Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгінге дейін 150-ден астам компания Президент сыйлығының иегері атанғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев 10 жыл ішінде өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы еншісі тау-кен саласының көрсеткішінен асып, 13% жеткенін ерекше атап өтті. Осылайша биыл компаниялар «Алтын сапа» конкурсының «Үздік индустриялық жоба» және «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша мүсіншелерін иеленді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биылғы салтанатты жиын Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Егемендік кезеңінде Қазақстанда бизнестің дамуына жан-жақты жағдай жасалды. Соның нәтижесінде жаңа заманға сай кәсіпкерлер шоғыры қалыптасты. Олар ұлттық экономиканың басты қозғаушы күшіне айналуда.

Сонымен қатар марапаттау рәсімінде «Парыз» бас сыйлығының жеңімпаздары да анықталды. Жүлделерді Премьер-Министр Асқар Мамин табыстады.