Арнайы мемлекеттік жәрдемақыны кімдер алады?
Қазақстанда 207 мыңнан астам азамат арнайы мемлекеттік жәрдемақы алған. Ол
үшін бюджеттен 26 млрд теңге бөлінген. Бұл көмекті әлеуметтік санатта 17 топ
өкілдері алады. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл
еңбеккерлері, басқа елдегі әскери қимылға қатысқандар, қаза тапқан әскери
қызметкерлердің отбасы, «Халық қаһарманы» мен «Қазақстанның Еңбек Ері»
иегерлері, Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысқандар, саяси қуғын-сүргін
құрбандары, сондай-ақ, мүгедектер мен зейнеткерлер бар. Жәрдемақы мөлшері
алушының санатына байланысты белгіленеді. Төлем көлемі 9200 бен 600 мың теңге
аралығында. Бір адам бірнеше санатқа кірсе, жәрдемақы тек бір санат бойынша
төленеді. Оны азамат өзі таңдайды. Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен
азаматтығы жоқтар да бұл көмекті ала алады.

