АШМ: қант құны импортқа тәуелді

Қант құны неліктен шарықтап кетті? Көптің көкейіндегі сауалға елдің ауыл  шаруашылығы министрі арнайы брифинг барысында жауап қатты. Сөзінше, бар гәп импортқа тәуелділікте жатыр. Көрші елдердегі геосаяси жағдайдың кесірінен логистика тұралап қалған.  Бұған дейін Ресей мен Беларусьтен 4-10 күннің ішінде тасымалданатын құмшекер қазір үшінші елдерден үш ай дегенде  бірақ жететін болған.  Атап айтсақ, қант қазір Бразилия мен Үндістан арқылы алдырылады. Салдарынан соңғы екі жылдан бері шикізат құны екі, ал оны жеткізудің бағасы үш есе артқан.   Қазір құмшекердің келісі нарыққа 450 теңгеден шығарылады. 15% көтерме және бөлшек сауда үстемелерін ескерсек құны 600 теңгеден аспай саудалануы тиіс дейді, министр. Импорт есебінен  әзірге елде қант тапшылығы   жоқ.

Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

– Тамыз айының басында Республика бойынша қанттың қоры  35,1 мың тонна болып жоспарланып отыр.  Қант импорты 42,2 мың тонна деңгейінде күтіліп отыр. Әкімдіктер қорын ескере отырып, Республика бойынша қанттың жалпы қоры тамыз айының аяғына дейін  118 мың тоннаны құрайды деп жоспарлап отырмыз. Нарықтың қамтамасыз етілу деңгейі 169% болады. Сол себептен біз осы шілде, тамыз айларында өз-өзімізді қамтамасыз етуге қанттың қоры жеткілікті.