Әскерге шақыруда жаңа цифрлық жүйелер іске қосылды
Енді әскерге
шақыру қызметі цифрлық сервистер арқылы жүргізіледі. Солардың бірі - «e-Медосмотр»
жүйесі. Жүйе деректерді тез жинап, 100-ден астам медициналық параметр бойынша
ақпарат береді. Нәтижелер электрондық қолтаңба мен QR-код арқылы расталады.
Қазір бұл жүйе Астана, Шымкент қалалары мен Қарағанды облысының Абай қаласында
сынақтан өтіп жатыр. Ал Armia.kz сервисінен әскери қызмет туралы толық ақпарат
алуға болады.
Нұрбол Өтенов,
ҚР ҚМ АТД Ақпараттық жүйелер басқармасының бағыт аға офицері:
- Қысқа уақыт
ішінде сервис үлкен танымалдылыққа ие болды. Платформаны 44 мыңнан астам адам қолданады.
Пайдаланушылардың 73%-ы мобильді телефондар арқылы кіреді. Armia kz іздеу
жүйелерінде күніне орташа есеппен 2000 рет көрініс береді. Бағдарламаға
пайдаланушылардың сұрақтарына жедел жауап беретін жасанды интеллект енгізілген.
Шақыру тізімін
автоматты түрде жасайтын «Smart военкомат» сервисі де енгізілді. Ол азаматтардың
жасын, денсаулығын, білімін ескеріп, медициналық тексеруге шақыру
хабарламаларын жібереді. Сондай-ақ, әскерде қызмет етіп жүрген сарбаздарға
арналған «Sarbaz+» пилоттық жобасы бар. Ол сарбаздардың жағдайын жақсартуды
көздейді. Қызмет барысында олардың денсаулығы фитнес-браслеттер арқылы
бақыланады. Сонымен қатар, платформада сарбаздар IT, байланыс және дрон басқару
сияқты пайдалы мамандықтарды меңгере алады.

