«Астана опера» әлемдік классиканы орындады

«Астана опера» әлемдік классиканы орындады

Өткен демалыста «Астана Опера» театрында симфоникалық музыка концерті өтті. Бас дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен аты әлемге мәшһүр классикалық сазгерлердің шығармалары орындалды. Жауһарлы туындылар қатарында  Фредерик Шопеннің бірінші фортепиано концерті мен Людвиг Ван Бетховенның бесінші симфониясы көрермен назарына ұсынылды. Алан Бөрібаевтың айтуынша, Бетховенның бесінші симфониясын білмейтін адам жоқтың қасы. Сондықтан, бұл концертте көрермен лық толатыны о бастан белгілі болған.

Алан Бөрібаев,  «Астана опера» театрының бас дирижері:
-Біз алтын қазынаға айналған әлемдік симфоникалық әдебиеттің шығармаларын орындаған кезде, репертуарымызды бір жаңартып аламыз. Көрермендеріміз үшін де бұл бір жаңашылдық болады. Оркестріміз үшін де бұл зор серпіліс, себебі, кәсіби біліктіліктің шыңдалуына көмектеседі. Сондықтан, бүгінгі концертте өлмейтін екі классиктер – Фредерик Шопен мен Людвиг Ван Бетховеннің симфониялары орындалды. Мен-мен деген қай композиторды көрсеңіз де, ол Бетховеннен аттап кете алмайды.