«Астана опера» театрының әртістері гастрольдік сапармен Дубайға келді

Бүгінде Дубай – болашақтың қаласы әрі әлемге танымал ойын-сауық орталығы. Шаһарда түрлі демалыс орындары – саябақ, жағажай, аспанмен таласқан ғимараттар мен өзге де көрнекі жерлер жетерлік. Қаланың дәл ортасында Дубай опера театры орын тепкен. Оның сахнасында әлемді аузына қаратқан әртістер өнер көрсетеді. Ал өнер десе ішкен асын жерге қоятын туристер оларды көру үшін кезекке таласады.

«Астана Опера» театрының әртістері өз өнерін әлемдегі ең заманауи театрлардың бірінде көрсетпек. Театрдың Дубайға гастрольдік сапары алғаш рет болып отыр. Бірінші болып сахнада Георг Фридрих Гендельдің танымал – «Мессия» ораториясы орындалды. Оны астаналық ұжымның симфоникалық оркестрі мен «Dubai Festival Chorus» әртістері шырқады. Ал бұл ерекше концерттің дирижері – Роб Джонстон.

Роб Джонстон, дирижер: 

- Музыканың өзіндік тілі бар. Сондықтан көрерменнің қай елден келгені маңызды емес. Бастысы – біздің бірыңғай музыка тіліміз бар және ол барлығымызды біріктіреді. Сол себепті маған британдық бола тұра, қазақстандық оркестр және дубайлық хормен жұмыс істеу қиынға соқпады. Бұндай кәсіби шеберлермен жұмыс істеу көңіліме ләззат сыйлады. Осындай шығармашылық ұжымдар, яғни, әртістер, оркестрлар, дирижерлер әлемнің түкпір-түкпірінен жиналып, бірлесе өнер көрсететін қойылымдар көбірек болса екен деп тілеймін.

Қазақстандық әртістердің сөзінше, Дубай сахнасында өнер көрсету олар үшін үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе.

Әсет Нелдібаев, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры операсының концертмейстері:

- Бұл өте қызықты әрі аса ауқымды жоба. Осы бағдарламаны бар болғаны 2 ай ішінде құрдық. Толыққанды 2 рет дайындық жүргіздік. Біз үшін, бұл бірінші кезекте, үлкен шығармашылық өсу деп білемін. Себебі, басқа елдің азаматтарымен, басқа мәдениет өкілдерімен танысып жатырмыз. Сондықтан бұндай әріптестіктің шарапаты мол.  Себебі, бірге өнер көрсету арқылы тәжірибе алмасамыз. Дубайға үлкен топ келді. Жергілікті қауымға танымал «Щелкунчик» қойылымын  ұсынбақпыз.

«Астана Опера» театры Чайковскийдің танымал балетін Дубай тұрғындары мен қонақтарының алдына 15, 16 және 17 желтоқсанда ұсынбақ. Ал симфоникалық оркестрге әр күндері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Абзал Мұхитдин мен итальялық маэстро – Джузеппе Акуавива жетекшілік етеді.