Астанада ақылы тұрақтардың саны артады
Астанада ақылы автотұрақтар көбеймек. Қазір олардың саны 7 мыңнан асады. Соны 10 мыңға жеткізу көзделген. Ал, бұл қала тұрғындарының наразылығын тудырып отыр. Ақылы автотұрақтардан былтыр қала бюджетіне 200 млн, ал айыппұл түрінде 1 млрд 300 млн тг түскен. Елдегі көлік санының күрт көбеюіне байланысты биыл өндірілетін ақша бұдан да көп болуы мүмкін, - дейді мамандар.
Ақылы тұрақтар көк сызықпен белгіленеді. Астана қаласы бойынша дәл осындай 7200-ден астам орын бар. Оның барлығы жекенің қолында. Сәйкесінше, тұрақтан түскен теңгенің басым бөлігі сол жекенің қалтасын қампайтады. Ал, шаһар бюджетіне небәрі 25%-ы ғана түседі. Бұл туралы қос тарап мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі аясында 2038 жылға дейін келісімге отырған.
Яғни, қаладағы ақылы автотұрақтарға жауапты компания ауадан ақша жасап отыр, – дейді депутат Асхат Аймағамбетов. Тұрақтың тазалық жұмыстарына толығымен әкімдік жауапты. Ал, монополистер тек жолақтарын сызып, төлем жүргізетін белгілерге ғана ақша жұмсайды. Сондықтан түскен қаржының негізгі бөлігі шаһар бюджетіне тиесілі болуы керек, – дейді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
– Астана қаласын айтатын болсақ, 70%-ы жекеменшік компанияға кетеді екен. Біздің ойымызша 80-90%-ы мемлекеттік бюджетке кетуі керек. Бұл – бір. Екіншіден айыппұлдар мәселесі. 100 теңгені төлемей, әлде көрмей қалсаң оған 5 мың, 10 мың айыппұл төлеу деген менің ойымша дұрыс емес.
Ақылы тұрақтың бағасы сағатына 100 теңге. Егер абайсызда ақысын төлеуді ұмытсаңыз немесе мына көк сызықты байқамай көлік суытсаңыз, онда 3 АЕК көлемінде айыппұл арқалайсыз. Бірден телефоныңызға хабар келеді. Ал, бұл арнайы камералармен емес, көлік иесінің банк қосымшасы арқылы анықталады.

