Астанада әйелдерге өзін-өзі қорғау бойынша тегін сабақтар өткізіледі
Әйелдердің полицияға қоңырау шалуға үлгермеуінен болатын қайғылы оқиғалар азаяр емес. Астаналық Нұрлан Байлин мұны тоқтатын кез келді деп санайды. Спортты серік еткен азамат қыз-келіншектерге өзін-өзі қорғауды тегін үйретіп жүр. Жұдырық ала жүгіргенге төтеп берудің қыр-сырын білетін ол талай әйелдің жанына араша түскен.
Астаналық Анар Байбосынованың жаттығуға қатысып жүргеніне 4 ай. Оған себеп осыдан 17 жыл бұрын болған жағдай.
Анар Байбосынова, қала тұрғыны:
– Машина тоқтады да, сол машинадан үш жігіт атып шықты. Біреуі мені қарға отырғызды да, қолтығымнан ұстап алды. Әкемнен көмек сұрадым. 2004 жылы әкем қайтыс болған. «Көмектесші, папа! Папа!», - дедім, жоғарыға, аспанға қарап. Әкем көмектескен сияқты. Бір жігіттің басына бірдеңе сап еткен сияқты. Мені жібере салды.
Бұл әйел жүзін жасырып, даусын өзгертуімізді сұрады. Бұрынғы күйеуі тауып алса күн көрсетпейді деп қорқады.
Әнел, қала тұрғыны:
– Тұрмыста болғанмын. Күйеім зорлық көрсететін әрдайым. Бірде есімнен танғанша төпелеп ұрды. Әрең дегенде көзімді ашып, оның кеткенін көріп үлгердім. Бүкіл күшімді жинап, баламды қолынан жетектеп далаға жүгірдім. Қыс. Жалаң аяқпыз. Неше сағат жүгіргенімізді білмеймін.
Мұнда келетін әйелдердің мақсаты бір. Өзін де, балаларын да енді қайтып ренжітуге жол бермеу. Біреу кенеттен шыға келіп, соққыға жығады деген қорқыныштан арылу.
Жанат Білдебай, қала тұрғыны:
– Бетін көрген жоқпын. Мені ұстап қылқындырып, тиісе бастады. Құрбымның арқасында қашып құтылдым. Бәрін ұмытып, өзіме сенімділікті арттырғым келеді. Осы жаттығулардың арқасында ұмыта бастадым.
Талай қиындық көрген әйелдерді үрейден арылтқан – астаналық жаттықтырушы Нұрлан Байлин. Отбасында қорлық көрген әйелдер көрсін-білсін деп желідегі парақшасын да белсенді жүргізеді. «Оқырмандарымның көбі қолдайды. Бірақ бұл ісің бекер деп артқа тартатындар да аз емес», - дейді жаттықтырушы.
Нұрлан Байлин, жаттықтырушы:
– Хэйтерлер жазып жатыр: «Қыздар бізбен ешқашан тең болмайды. Сен өзіңнің де, олардың да уақытын босқа алып жүрсің», - деп. Егер адам осында үйірмеге келіп, өзін қорғап үйренсе, оның несі жаман? Мен өзім де жалғызбасты ананың қолында өстім. Кішкентай кезімнен жалғызбасты әйелге қалай қиын болатынын көрдім.
Нұрлан қағажу мен жаман пікірлерге бола жаттығуларын тоқтатпайды. Өйткені «Мұндай пікірлерді отбасының берекесін қашырып отырғандардың өздері жазады. Оларға әйелдерінің өзін өзі қорғай алғаны тиімсіз», - дейді. Жаттықтырушының бұл пікірін психологтар да қолдайды.
Жанерке Ысқақова, психолог, медицина ғылымдарының докторы:
– Маған отбасында зорлық көрген әйелдер жиі келеді. Көбі өзіне деген сенімділікті жоғалтқан. Жолдасының зәбір көрсеткеніне көніп жүре береді. Біз бірінші кезекте оларға өзін-өзі жақсы көруді үйретеміз. Бұл тұрғыда қорғану жаттығулары өте жақсы көмек береді. Өзім де мұнда жүйелі түрде келемін.
Қазір елде өзін-өзі қорғау жаттығулары саусақпен санарлықтай. Тегін тұрмақ, ақылы негізде де өткізілмейді. Сондықтан Нұрлан мұндай сабақтарды барлық өңірді аралап жүріп үйретпекші.

