Астанада Орталық Азиядағы ең ірі робототехника чемпионаты басталды

Астанада Орталық Азиядағы ең ірі робототехника чемпионаты басталды

Астанада Орталық Азиядағы ең ірі робототехника чемпионаты басталды. Аса ауқымды құлтемірлер тартысында 3 мыңнан астам қатысушы баптарын сынап жатыр. Олардың қатарында өңір елдерімен бірге Гонконг пен Біріккен Араб Әмірліктерінен келген оқушылар да бар.

Барлығы 200 команда 3 жас санаты бойынша 3 күн бойы сайысады. Мақсат – биыл робототехникадан АҚШ-та өтетін әлем чемпионатына жолдама ұту. Ол тек 4 командаға беріледі. Хьюстонда 50 мыңнан астам қатысушы болады деп күтілуде.

Бұған қоса үздік атанғандарының қазақстандық әрі шетелдік ЖОО гранттар ұтып алуға мүмкіндігі бар. Ол үшін қатысушылар өңірлік сында креативті индустрия бағытында жобалар ұсынуы керек. Себебі биылғы доданың тақырыбы өнерге арналған.   

Асылбек Мырзахметов, Ustem Foundation қорының басшысы:

– Кейбір командалар, мысалы, кино түсіретін операторларға арнайы экзоскелет жасаса, кей командалар сурет салумен айналысатын адамдарға арнайы көмекші құралдар жасайды. Бір команда домбыраға арналған тренажор жасады. Цирк, театр және басқа да осы креативті индустрияға байланысты көптеген салалық мәселелерді командалар шешіп жатыр.

Орталық Азия чемпионатында 500 астам дарынды жас еліміздің намысын қорғауда.

Бұл ретте айта кетерлігі, Қазақстан құрамасы дәл осы жарыстың екі дүркін әлем чемпионы. Мәселен 2022 жылы отандық команда Женевада үш кезеңде де 180 ел қатысушыларының алдын орып абсолютті чемпион атанды. Былтыр Сингапурде өткен ғаламдық тартыста да дәл осы жетістікті қайталап, рекорд орнатты. Биыл да жеңісті жолдарын жалғауға ниетті. Ал 2027 жылы Қазақстан робототехникадан әлем чемпионатын өткізуді жоспарлап отыр.