Әуежайдағы кепілге алу оқиғасы: Мұса Әбдірайым «Ерлігі үшін» медалімен наградталды
Алматы әуежайында жолаушыны кепілге алған қылмыскердің
пышағын тартып алып, батылдық танытқан Мұса Әбдірайым «Ерлігі үшін» медалімен
наградталды. Мемлекет басшысы Жарлыққа қол қойды. Еске салайық, бүгін күндіз әуежайдың
ішкі рейстер терминалында ер адам жолаушы ретінде тексеру аймағына өткен.
Қауіпсіздік қызметкерлері одан құжаттарды көрсетуді сұраған, сол кезде ол
әуежай қызметкерін шашынан ұстап, пышақпен қорқытқан. Кейінірек сол жерде
жақындарын шығарып салуға барған Мұса Әбдірайым кепілге алынған келіншектің
орнына өзін алмастыруды сұраған. Сөйтіп, ұтымды тұсты пайдаланып қаскөйдің
қолындағы пышақты тартып алды. Шабуылдаушы Алматы қаласының 67 жастағы азаматы.
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

