Aula Fest 2025 жүлдегерлері марапатталды
Бүгін Астанада Aula
Fest фестивалінің жүлдегерлері марапатталды. Жоба 1 жыл бойы 30 түрлі бағыт
бойынша халықаралық байқау жүлдегерлерінің басын қосты. Солардың ішінде бүгін
176 жас өнерпаз бен спортшы жыл үздігі атанды.
Aula Fest жыл сайын
өтетін жоба. Фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды жастар жиналады.
Олардың арасында күміс көмей әнші де, мың бұралған биші де, білекті, жүректі
спортшы да бар. Сондай биыл көзге түскен жастардың бірі - Расул Мұхамед. Ол
қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінген.
Расул Мұхамед, Спортшы:
- Осы спорт түрімен
тоғыз жыл болды айналысып жатырмын. Арманым октагонға шығу, UFC дәрежесіне
жету.
AulaFest бағдарламасы
қатысушылардың спорттық және шығармашылық қабілеттерін ашуға бағытталған. Мұнда
оқушылар командалық жұмысты меңгеріп,
өзара тәжірибе алмасады. Жобаға Астана қаласының аула клубтарынан келген оқушылар
да бақ сынады.
Айнұр Олжабайқызы, «Ақжол»
аула клубының жетекшісі:
- Бүгін біз тек
спорттық бағыттағы, дойбыдан орын алып келген балаларымызды осында алып келдік.
Ал тоғызқұмалақтан бүгін Түркия еліне кетті. Барлығы алтын, күміс медальдерді
қанжыларына байлап келіп отыр. Шахматтан да солай, тоғызққұмалақ бар бізде.
Шара соңында қалалық
аула клубтарының оқушылары мен студенттері марапатталды. Мұнда олар барлығы 30
түрлі бағыт бойынша бақ сынаған. Олардың қатарында әлемдік спорт додаларының
жеңімпаздары, өнер фестивальдерінің халықаралық жүлдегерлері де бар.
Анар Өміртайқызы,
Астана жастары орталығының баспасөз хатшысы:
- Осы
тәрбиеленушілердің нәтижелерін,
жетістіктерін бүгін ұлықтау мақсатында біз осындай концерт ұйымдастырып
отырмыз. Бұл жай ғана концерт емес, бұл жетекшілердің еңбегін бағалау, үздік
спортышлар мен үздік суретшілерді бағалау. Арнайы номинация жоқ, мұнда
жетекшілер бар, суретшілер бар тағысын тағы.
Қазір елордада осындай жастардың басын қосатын 10 аула клубы
бар. Онда барлығы 2 мыңнан аса балалар мен жасөспірімдер тіркелген. Бастысы
үйірмелер мен курстар тегін. Әрі мұнда баланың талантын байқайтын кәсіби
мамандар жұмыс істейді. Ал бүгін сол үйірмелердің 176 үздігі арнайы жүлдеге ие
болды.
Авторы: Мақпал
Рахатқызы

