AulaFit: Осакаров ауданының жас футболшылары кәсіби бапкермен жаттығуда

Кәсіби бапкерлердің жетекшілігімен өз аулаңда жүріп, спортпен шұғылдану. Қарағанды облысы спорт комитетінің бастамасымен құрылған «AulaFit» бағдарламасы бүлдіршіндерге осындай тың мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, Осакаров ауданында аула футболын Нигериядан келген легионер жаттықтырып жүр.

Аманбол Иманбайұлы:

- Самуэль ағайдың бізді жаттықтырып, үйретіп жүргеніне 1 апта болды. Маған футбол, баскетбол ұнайды. Осы жерге күнде келіп дайындаламыз. Футбол ойнаймыз. Осы ойнап жатқан ойындар да ұнайды маған.

Самуэль Обинна, жаттықтырушы:

– «AulaFit» бағдарламасы керемет жоба екен. Мен балалар арасындағы футболды дамыту мақсатында арнайы келіп, жаттығу жүргізіп жүрмін. Біздің елде яғни Нигерияда мұндай мүмкіндік жоқ. Өзім бірінші лигада ойнаймын. Бір қызығы тек балалар емес, зейнеткерлер де келіп жаттығып жүр.

Бұқаралық спорт қолжетімді ету мақсатында шетелдік бапкер Самуэль аудандағы дене шынықтыру сауықтыру орталығы мен 5 бірдей ауладағы алаңға  жаттығу кестесін қойып алған.

Әлия Оспанова, «AulaFit» бағдарламасының үйлестірушісі:

- Жобаның мақсаты кез келген адамға қолжетімді, тегін әрі сауықтыру түрінде болуында. Бағдарлама аясында ауданда алдағы уақытта қазақ күресі, каратэ, тоғыз құмалақ, ауыр атлетика мен велоспорт  үйірмелері ашылмақ. Оған да мықты бапкерлер тартылады. Қазірдің өзінде футболдан облыстық жарыстарда жүлделі орындар ала бастадық.

Жоба нәтижелі болса кейін облыстың өзге өңірлерінде де жалғасын табады.