Бакуде киіз үй тігілді

Бакуде киіз үй тігілді

Баку қаласының Приморье бульварында киіз үйі тігілді. Қазақстан мен Әзербайжанның дипломатиялық байланыс орнатқанына 30 жыл толуына орай жасалған тарту. Тамыздың аяғына дейін қала тұрғындары мен қонақтары ондағы екі көрмені тамашалай алады. Оның бірі тұрақты  өткізілетін көрме, мұнда еліміздің көрікті жерлері – «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты, «Байқоңыр» ғарыш айлағы, «Қыран» сұңқар орталығы туралы мәліметтер топтасқан. Ал, апта сайынғы ауыспалы экспозицияда   Алматы мен Шымкент қалалары және Алматы, Түркістан және Маңғыстау облыстарының туристік әлеуеті таныстырылады. Ашық аспан астында концерттер мен ойын-сауық шаралары  ұйымдастырылады. Сонымен қатар келушілер Ұлы Дала елінің ұлттық тағамдарынан дәм татып, ежелгі көшпенділер  өмірімен етене таныса алады.

Александр Акназаров, «Welcome to KZ» жобасының жетекшісі:

– Бір ай ішінде еліміздің барлық аймақтарынан қолөнершілер, суретшілер, туроператорлар, турагенттер келеді. Оған қоса туристерді де әкелеміз. Пандемиядан, ұзақ үзілістен кейін біз сіздің халқыңызға бауырлас Қазақстан халқы бар екенін еске салғымыз келеді.

Элнұр Алиев,  Әзербайжан мәдениет министрінің бірінші орынбасары:

– Қазақстан мен Әзербайжанның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 30 жыл толуына орай көптеген іс-шара өткізу жоспарланған. Ал, қазақ үйдің бой көтеруі біз үшін маңызды. Бұл екі елдің мәдениеті мен дәстүрінің ұқсастығының дәлелі. Әрі біздің салт-дәстүрге берік екенімізді айғақтайды. Біз тек дипломатиялық байланыс орнатып қана қоймай, мәдени әріптестікті де бекемдей түсеміз. Оған қос елдің әлеуеті жетеді.