Банктің «қара тізімінен» 500 мыңға жуық қазақстандық шығады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу туралы заңға қол қойды. Құжатта несие тарихы нашар адамдарға аса қажет болған жағдайда банктен қарыз  алуға мүмкіндік беретін норма көзделген. Егер бұрын несие тарихын сақтау мерзімі 10 жыл болса, бүгінде кредитін өтеген және қазір берешегі жоқ адамдарға қатысты бұл мерзім 5 жылға дейін қысқартылады. Мұндай шешім шамамен 500 мың азаматтың «қара тізімнен» шығуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар коллекторлардың қызметін реттейтін түзетулер де қабылданды. Оған сәйкес коллекторлар несие алғандарға бөтен телефон нөмірінен хабарласа алмайды. Олардың туыстарын да мазалауға рұқсат берілмейді. Ал байланысқа шыққан кезде міндетті түрде аудио және бейне жазба жүргізетін болады. Микроқаржы ұйымдарының жауапкершілігі де күшейтіледі. Мәселен, олар несиенің толық сомасын келісімнің бірінші бетінде жазуы тиіс. Жарнама жасағанда жылдық мөлшерлеме туралы ақпаратты беру талабы қойылады. Ал несиесін 180 күн бойы төлемегендерге комиссияны есептеу тоқтатылады.