Бейбіт атом – қауіпсіз энергия көзі
Атом ат үркетіндей аждаһа емес. Себебі ақпараттық технология дамығалы атомды бейбіт мақсатта қолданатын елдер оның қауіпсіздігіне де кепіл болатын тегеурінді тетіктерді баяғыда ойлап тапқан. Оның үстіне үздіксіз энергия көзі, экономиканың ілгерлеуіне септігін тигізеді. Қызылордада медицина қызметкерлерімен кездескен профессор-зерттеушілер ядролық энергетиканың тиімді тұстары мен қауіпсіздігін талқылады. Ғалымдар сондай-ақ оған қажетті маман даярлау жайына тоқталды. Сарапшылардың сөзінше елімізде электр энергиясына деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Сондықтан, бұл тапшылықты реттеу үшін атом электр станциясының маңызы зор.
Анипа Тапалова, техника ғылымдарының кандидаты:
– Біздің елімізде көмір, газ көп. Соларды да дамытуымызға болады. Бірақ көмір мен газды жаққан кезімізде көмірқышқыл газы пайда болады. Көмірқышқыл газынан басқа да газдар пайда болады. Улы заттар пайда болады. Оның барлығынан атмосферада озон тесіктері пайда болады да, сол арқылы бізге неше түрлі ультрафиолет сәулелер келіп адамзат ауруға ұшырайды. АЭС-тен қорықпау керек. Кез келген прогресс еліміздің әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмыс істейді. Қауіпсіздік шаралары қазіргі кезде сақталған.

