Биыл Қазақстанға 7 миллионнан астам турист келуі мүмкін

Биыл Қазақстанға 7 миллионнан астам турист келуі мүмкін

Биыл Қазақстанның көрікті жерлері мен табиғи сұлулығын 7 миллионнан астам турист тамашалай алады. Саяхатшыларды еліміздің барлық аймағында бес гранд маршрут күтеді. Әрбір тур 5-6 күнге арналып жасалған. Бас-аяғы бес жоба әзірленіп жатыр. Жалпы осыған дейінгі жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, туристердің үштен бірі Алматы мен Алматы облысын таңдайды. Оларды ең алдымен қызықтыратыны - Іле-Алатау және Жоңғар-Алатау саябақтары, Көлсай көлдері, Алтын-емел, Шарын ұлттық парктері. Сондай-ақ бұл тізімде Балқаш пен Алакөл көлдері де бар. Сондықтан басты назарда –  аталған орындардың инженерлік инфрақұрылымын дамыту.

Жанар Алшынбаева, Алматы облысы Туризм Басқармасының Басшысы:

– Кеген мен Райымбек ауданында шынымен де тартымды жерлер өте көп. Біз қазір айналысып жатқан басымды туристік териториялар деп айтамыз. Ол жерге біз Хантәңірі айналасындағы аумақты кіргіздік.

Еске сала кетейік, 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Kids go free бағдарламасы іске қосылды. Жоба ел ішінде демалысқа аттанған балалардың әуе билетін тегін алуына мүмкіндік береді. Биыл бұл бағдарлама бойынша 20 мың бала тегін саяхаттай алады. Олардың әуе билеттерін мемлекет субсидиялайды.

Даниел Сержанұлы, Қазақ туризм Ұлттық компаниясының басқарушы директоры:

– Kids Go Free бағдарламасы осы жылдың басынан бастап іске қосылған болатын. Жаңадан енгізген бағдарлама болғандықтан алғашқы 17 туроператорды  қосып, қазір ең алғашқы заявкаларды өңдеп жатырмыз. Қазіргі кезге дейін 30-дан астам заявка келіп түскен.