ДДСҰ: маймыл шешегіне шалдыққандар саны мыңнан асты
Әлемде маймыл шешегіне шалдыққандар саны бір мыңнан асты. Бұл туралы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы хабарлады. Бүгінде қауіпті инфекция 29 африкалық емес мемлекетте тіркелген. Пациенттердің үштен бірі Ұлыбританияда анықталып отыр. Одан кейін науқастардың саны бойынша Испания мен Португалия келеді. Еске салсақ, бұған дейін маймыл шешегі негізінен тек Африка аумағында таралып келген еді. Аурудың құрлық шекарасынан асуына не себеп болғаны белгісіз. Мамандардың айтуынша, инфекцияны адам маймылдардан, кеміргіштерден және адамдардан жұқтыра алады. Аурудан болаты өлім-жітім көрсеткіші 10 процентке тең. Инфекциядан көз жұмғандардың дені – жастар. Бүгінде аталған вирусқа қарсы вакцина жоқ. Алайда әлемдік медициналық тәжірибеде табиғи шешекке қарсы препараттар қолданылады.
Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ Бас хатшысы:
– Инфекция Африка құрлығынан тыс жерлерде анықтала бастады. Алайда ол мемлекеттерде әзірге адам өлімі тіркелген жоқ. Ал Африка мемлекеттерінде маймыл шешегі 66 адамның өмірін қиды. Эндемикалық емес елдерде де аурудың таралу қаупі бар екенін жасырмаймыз. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің балалар мен жүкті әйелдер арасында таралуына алаңдап отыр.