Қазақстанда 10 млн адамға коронавирусқа қарсы вакцина салу жоспарланған
Қазақстанда 2021 жылдан бастап, ерікті түрде жаппай вакцина салу жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде ауруды жұқтыру қаупі жоғары топтағылар, яғни дәрігерлер, педагогтар, күш құрылымдардың қызметкерлері егілмек. Бұл орайда елімізде әзірленіп жатқан отандық вакцинаның сынақтары биыл наурыз айының соңына қарай аяқталады. Денсаулық министрлігінің хабарлауынша, қазақстандық дәрінің кері әсері анықталған жоқ. Алғашқы партиясы осы жылдың соңына дейін шығарылады.
Бас дәрігер Алексей Цойдың айтуынша, бүгінгі күні Ресейден коронавирусқа қарсы вакцинаның 2 млн дозасын алу туралы келісім бар. Бұл екпе Қарағанды фармацевтикалық зауытында өндірілетін болады. Бұған қоса америкалық және германиялық өндірушілердің вакцинасы биылдың екінші жартыжылдығынан кейін ел аумағына жеткізілетіні белгілі болды.
Жалпы жаһандық деңгейде өршіген қатерлі індетке қарсы 10 млн қазақстандықты егу жоспарланған. Яғни, халықтың 55 проценті қамтылмақ. Ел азаматтарының дені екпенің ағзаға кері әсері тимейтіні расталған жағдайда вакцина салуға қарсы емес екендерін айтады.
САУАЛНАМА:
- Бір вакцина жасауға үш жылдай уақыт кетеді. Оның адамға зияны бар ма, зияны жоқ па деген сияқты. Өзім қарсымын бір жылда вакцинаның 100% адамға зиянсыз шықты деп есептеу қиын деп ойлаймын. Үш жыл дайындалып, егер адамға ешқандай зияны жоқ деп дәлелденсе, мүмкін вакцина салуға болар ма еді.
- 20 жылы талай адам қайтыс болды ғой сол аурудан. Оны тоқтату үшін вакцина енгізу міндетті деп ойлаймын. Енді әрине қарсы болатындар көп қой. Бірақ денсаулық әркімнің өзіне керек қой.
- Бұл науқанға қарсы емеспін. Бірақ осы салынатын вакцинаның адам денсаулығына, ағзасына кері әсері бар ма, жоқ па? Осының барлығын мамандар тексеріп, зерттеп, содан кейін ғана барып халыққа ексе деген талабым бар.