«Балалар хирургтерінің мектебі»: әлемге танымал Ресей дәрігерінің шеберлік сабақтары
Медициналық оқу орындарының студентері мен тәжірибелі дәрігерлерге арналған дәрістер, семинарлар мен шеберлік сағаттары. Қазақстанда әлемге танымал дәрігер Юрий Козловтың қатысуымен «Балалар хирургтерінің мектебі» өтіп жатыр. Алматылық дәрігерлердің біліктілігін арттыруға атсалысқан маман енді елордалық әріптестерін оқытуға кірісті.
Шеберлік дәрістері аясында балалардың ауыр сырқаттарын үздік медициналық әдістер мен инновациялық тәсілдерді қолдану арқылы емдеуге бағытталған 15 танымдық операция жасалады. Аса дарынды хирург Қазақстанға қос ел ынтымақтастығы аясында арнайы шақыртумен келіп отыр. Барынша кең аудиторияны қамту үшін барлық операциялар онлайн режимінде көрсетіледі.
Айта кетейік, шеберлік сабақтарын Юрий Козлов, досы, танымал отандық балалар хирургы Алмас Ормантаевтың құрметіне арнап отыр.
ЮРИЙ КОЗЛОВ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР, РФ ИРКУТСК Қ. БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Балаларға кез келген операция жасау оңай емес. Әсіресе, науқас сәбидің туғанына бір ғана ай толса тіптен қиындай түседі. Біз өзіміздің қазақстандық әріптестерімізден жасыратынымыз жоқ. Қазақстандағы балалар хирургиясы саласының дамығаны таңғалдырады. Бұл жақсы үрдіс барлық жерде байқалады. Тек елордадағы заманауи құрылғылармен жабдықталған орталықтарда ғана емес. Сондай-ақ, Алматыда жақсы дамып келеді. Ондағы дәстүрлі балалар ауруханалары да қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Кейбіреулерін, тіпті Ресейде көрген емеспін. Бұл жағы мені қатты тәнтті етті. Мен заманауи үлгідегі озық хирургиялық құрылғылармен жұмыс жасай алдым.
Юрий Козловтың айтуынша, ол жергілікті әріптестерімен аса күрделі деген эндоскопиялық операциялар жасаумен қатар, өзге де озық әдіс-тәсілдермен бөлісетін болады. Олардың қатарында роботталған хирургия бар. Бұл әлем медицинасының болашағы, дейді маман.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов