Дербес деректер қауіпсіздігі

Дербес деректер қауіпсіздігі

Цифрлық технологиялар бүгінде әр адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Салдарынан дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де бұрынғыдан бетер өзекті болып отыр. Бұл бағыттағы негізгі қағидаттар жаңа Конституцияда айқын көрініс тапқан. Деректерді қорғау тетіктерін қалай күшейтуге болады? Цифрлық қауіпсіздікті арттыруда қай елдің тәжірибесі тиімді үлгі бола алады? Осы және өзге де маңызды сұрақтар бүгін Ақтөбеде өткен семинарда кеңінен талқыланды.

Елімізде ондаған ақпараттық база жұмыс істейді. Кез келген мәлімет алу немесе мемлекеттік қызметке жүгіну барысында азаматтар жеке деректерін енгізуге мәжбүр. Тап осы тұста мәліметтердің киберқылмыскерлердің қолына түсу қаупі де жоқ емес. Сондықтан елдегі дербес деректерді қорғау жүйесі мығым болуы қажет. Бүгінгі семинар барысында желі қауіпсіздігі мен азаматтардың деректерін қорғау жолдары талқыланды. Маңызды шараны Ақтөбе облысының әкімдігі мен «Астана» Халықаралық университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Майра Дүйсенбекова, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының профессоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты:

- Әр орган жұмыс істеп отырғанымен бәрібірде халықтың алданушылығы көзге түсініп отыр. Осылардың алдын ала қалай алуға болады деген сияқты мәселелерге көп көңіл бөлгіміз келеді. Кибершабуылдарды қалай қорғауға мүмкіндік бар деген сияқты.

Қазақстан ақпараттық қауіпсіздік жүйесін күшейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Осыған орай 2026 жыл ресми түрде цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды.  Дербес деректерді қорғау саласында сарапшылар әлемдік рейтингте үздік үштікке енген Эстонияның тәжірибесіне назар аударды.

Қарғаш Жанпейісова, саясаттану ғылымдарының кандидаты, доцент:

- Эстонияның тәжірбиесі үлгілі деп айтуға болады. Оларда х Роуд деп аталады. Бізде егов мысалы Қазақстанда. Осы дербес деректерді сақтау үлкен базасы жұмыс істеп жатыр. Біздің еліміз үшін дердес деректерлі қорғау жанжақты қамтамасыз етілу керек.

Жиын соңында дербес деректерді қорғауда қолда бар барлық тиімді модельдер мен тетіктерді пайдалану қажет деген ортақ пікірге келді.