«Әділет» партиясының кезектен тыс III Съезі өтті

«Әділет» партиясының кезектен тыс III Съезі өтті

«Әділет» партиясы үшінші кезектен тыс съезде Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізімін бекітті. Үміткерлер қатарына  еліміздің барлық өңірінен түрлі саланың 186 өкілі енді. Олардың қатарында еңбек адамдары, кәсіпкерлер, цифрлық сала мамандары және қоғам қайраткерлері бар. Сондай-ақ съезд делегаттары партияның сайлауалды бағдарламасын да бекітті.

«Әділет» партиясының ІІІ кезектен тыс съезіне еліміздің түкпір-түкпірінен келген мыңнан астам делегат қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – мазмұны мен басты басымдықтары жаңартылған партияның Сайлауалды бағдарламасын бекіту болды. Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, бұл құжат ауқымды сараптамалық және қоғамдық жұмыстың нәтижесі. Съезд қарсаңында партия бірқатар стратегиялық сессия өткізіп, азаматтардың бастамаларын арнайы QR-код арқылы жинаған.

Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:

- Бұл бағдарлама мемлекеттің азаматқа не беретіні туралы ғана емес, қоғамның да жауапкершілігін айқындайтын құжат.  Әділ мемлекет әділетті қоғамсыз құрылмайды. Заңға бағынатын адамсыз, заң үстемдігі орнамайды. Еңбекқор адамсыз қуатты экономика қалыптаспайды. Сондықтан біз қабылдаған бағдарламаның түпкі мағынасы  мемлекет пен қоғам және жаңа үйлесімді серіктестік.

Партияның сайлауалды бағдарламасы сегіз негізгі бағыттан тұрады. Онда адами капиталды нығайту, цифрландыру, экономиканы жаңғырту, әлеуметтік саясат бағыттары басты назарға алынған. Сонымен қатар мәдениетті дамытуға, экологияны қорғауға және өңірлерді қолдауға ерекше мән берілген.

Динара Закиева, «Әділет» партиясы саяси кеңесі бюросының мүшесі:

-Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар 751 мың адам тұрады. Бұл бағытта азаматтарды әлеуметтік қорғау — тек жәрдемақы төлеу немесе қызмет көрсету ғана емес, ең бастысы — олардың білім алуына, еңбек етуіне, еркін жүріп-тұруына жағдай жасау. Осы бағытта бағдарламада өзекті мәселелерді шешу үшін біраз іс-шараны ұсынып жатырмыз.

«Әділет» партиясы 186 кандидаттан тұратын ең ауқымды партиялық тізімді бекітті. Олардың жартысына жуығы – өңір өкілдері. Кандидаттар қатарында ғылым мен білім, бизнес, өнеркәсіп, цифрлық технологиялар, мәдениет, спорт және азаматтық қоғам салаларының мамандары бар. Тізімге арнамыздың тележүргізушісі, әріптесім Ульяна Әшімова да енді.

Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:

-Қазақстан жаңа Конституциялық дәуірге қадам басты. Бұл Конституция мемлекеттік құрылысты заман талабына сай өзгерткен құқықтық іргетасқа, тәуелсіз Қазақстан дамуының өзгеше дәуірін айқындаған тарихи таңдауға айналды. Ол азамат пен мемлекет арасындағы қоғамдық келісімді үйлесімді негізде қайта орнықтырып, әділеттілікке, заң үстемдігіне, адамның қадір-қасиетіне және жауапты мемлекеттік басқаруға сүйенетін тың саяси жүйенің негізін қалады.

Күн тәртібіндегі барлық мәселе қаралғаннан кейін делегаттар кезектен тыс III Съездің Қаулысын қабылдап, күн тәртібінің әрбір тармағы бойынша қабылданған шешімдерді бекітті.¤