Діндер Съезіне қатысушылар шараны жоғары бағалады

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне қатысушылар шараға жоғары баға берді. Олардың айтуынша, Қазақстан соңғы жиырма жыл бойы осындай шараны ұйымдастырып, осылайша, дүниежүзіндегі бейбітшілікті сақтауға орасан зор үлес қосып келеді. Ендігі міндет – съезде айтылған және қабылданған декларация негізінде ортақ мүддеге жұмыс істеу. Айта кетейік, ел астанасында аяқталған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне ғаламның 50 ден астам елінен 100-ге тарта дін өкілдері келді. Бұл әлемдік пандемиядан кейінгі ең ауқымды шара.

Рудракша Сакрикар, «Сомайя видьявихар» университетінің конфессияаралық қатынастар және өзара түсіністік жөніндегі бағдарламасының хатшысы:

– Бұл менің Қазақстанға екінші сапарым. Осындай кең көлемдегі шараның бір бөлігі бола алғаныма қуаныштымын. Мұнда мен көптеген адамдармен жақындасып, достық қатынас орнаттым деп айта аламын. Жалпы, съездің жұмысын жоғары бағалаймын. Себебі мен жұмыс тобына да араластым, секритариатта да, екі күндік съезге де қатыстым. Сондықтан мұны сеніммен айта аламын.

Ли Гуанфу, Қытай даосизм қауымдастығының басшысы:

– Съезде өте маңызды мәселелер қозғалды. Оның ішінде мен әрине зорлық-зомбылыққа қарсы, терроризмге қарсы айтылған ойлардың барлығын қолдаймын. Бүгінде адамзат бұл зұлымдықпен күресіп келеді. Түбінде әлемде толеранттылық, бейбіишілік пен еркіндік орнайтынына сенімім мол. Съездің өз деңгейде өтуіне сіздердің Президенттеріңіздің ролі жоғары екенін осы тұста атап өткім келеді.

Масанори Фуджие, «Джинджя хонче» синтоистік храмдар қауымдастығының атқарушы директоры, Жапония:

– Съез жұмысы жемісті өтті. Ол әлемнің түрлі дін мен ділдің барын көрсете отырып, толеранттылықтың барын көрсетті. Барлық діндер арасында ынтымақтастық пен достық мүмкін екенін айғақтады. Бұл Қазақстанға алғаш келуім. Қазірдің өзінде мемлекеттеріңіздің қарқынын көріп отырмын және осы қарқынынан таймасын дегім келеді.