Домалақ ананың шын есімі кім?

Бағдарламамыздың түсірілім тобы орта ғасырлардағы ең керемет кесенелердің бірі – Домалақ ана мазарына аттанады. Кесене Шымкенттен 80 шақырым жерде орналасқан. Домалақ ананың шын есімі Нұрила Әли Сыланқызы, өмірде болған кісі. Нұрилә – Бәйдібек бабаның үшінші әйелі. Домалақ ана өзінің ақылдылығымен ел іші бірлігінің ұйытқысы бола білген. Тарихи жазбаларда Домалақ ананың адамгершілігі, әдептілігі, парасаттылығы мен шыншылдығы және аналық қасиетінің арқасында «Домалақ ана» аталуы жайлы көптеген деректер жазылған.

1456 жылы Домалақ ананың немересі Дулат Бұхарадан Абдулла Шері есімді шеберді алдыртып, ана басына төрт қанатты күмбезделген кесене-там тұрғызды. Домалақ ана парсы тілінен аударғанда «Дихнат мама», яғни Әулие ана мағынасын білдіреді. Аңыз бойынша, Домалақ ана кесенесінде екі қасиетті тас бар, осы екі тастың арасынан тек жаны таза адам өте алады. XX ғасырда салынған кесене 6 бағаналы болған.

1957 жылы қайта қалпына келтірілген кесене көп сақталмаған. 1966 жылы Маңғыстаудан алып келінген ақ тастармен қайта қаланды. 2000 жылы кесене айналасын көркейту-көгалдандыру жұмыстары толық аяқталды. Бүгінде Домалақ ана кесенесі – көпшілік тәу етер қасиетті орын болып саналады. Сондай-ақ Домалақ ана кесенесі «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасына енген қасиетті мекен.

Бұл жер ерекше күшке ие екені рас па? Неліктен? Домалақ ананың қандай қасиеті болды? Бұл сұрақтардың жауабын бағдарлама барысында біле аласыздар.