Ел спортшылары жеңістерін Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына тарту етеді
Қазақ топырағы түлеткен Данияр Елеусінов қазір кәсіпқой бокста жұлдыздай жарқырап, рухымызды асқақтатып жүр. Былтыр орта салмақта IBF континентальдық белбеуін жеңіп алды. Былғары қолғап шебері шаршы алаңға ел намысы үшін шығатынын айтады. Биыл Әлем чемпионы болсам деген мақсаты бар.
Данияр Елеусінов, кәсіпқой боксшы:
- Мен осы елмен өсіп-өндім, көркейдім десем болады. Себебі – тәуелсіздіктің құрдасымын. Өзім де 30 жасқа толамын. Биыл тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болады. Тәуелсіздіктің құрдасы болғаннан кейін елдің жетістіктері мен менің жетістіктерім тұспа-тұс, әрдайым қатар жүреді. Сондықтан алдағы уақыттағы жетістіктерімді, биылғы жеңістерімді тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнағым келеді.
Қазақстан егеменді ел болғалы 25-тен астам көне төл ойынымыз қайта жанданды. Қазақ күресі, саятшылық, асық ату және тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорт түрлері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілді.
Жауырыны жерге тимеген Балуан Шолақ, Қажымұқан сынды күш аталарының жетістіктері лайықты жалғасын тауып келеді. Осы бағытта білек күшімен темірді жіптей иіріп, жалаң қолмен шеге қағып, талай әлемдік және Гиннесс рекордын орнатып жүрген қазақстандықтардың бірі – Сергей Цырульников. Алып күш иесі бүгінге дейін бірде-бір халықаралық тартыста қарсыласына дес бермегенін айтады.
Сергей Цырульников, Күш сынасу спорты бойынша әлемнің 4 дүркін чемпионы:
- Менің басты мақсатым – Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақтың ізін жалғастырып, Қазақстанда күш сынасу спорты мәдениетін дамыту. Бұл – менің ұзақ жылдан бері айналысып келетін өмірлік ісім, ең сүйікті әуестігім. Халықаралық ареналарда біздің палуандардың, күш аталарының жетістіктерін қайталап, еліміздің намысын қорғаймын.
Тәуелсіз елдің басты құндылығы – халық, мақсаты – ұлттың саулығы. Осы орайда салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спорт түрлерін дамыту бойынша да кешенді шаралар қолға алынған. Бүгінде халықты дене шынықтыру және спортпен қамтудың үлесі 31% асып жығылады.
Егемендік жылдарында елімізде 77 стадион, 38 спорт сарайы, 8 мыңға тарта спорт алаңы мен 2 мыңнан астам спорт залы салынды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов