Еліміз эпидемиологиялық жағдай бойынша «қызыл» аймаққа енді

Қазақстан коронавирус індеті бойынша «қызыл» аймақта. Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Сала басшысының айтуынша, елдегі эпидемиологиялық жағдайдың күрт төмендеуі COVID-19-дың омикрон түрінің тез таралуына байланысты болып отыр. Сондай-ақ министр омикрон штамымен ауыру көп жағдайда жеңіл және симптомсыз өтетінін айтты. Қазіргі жағдай бойынша аурулардың 80% амбулаториялық ем алуда. Соңғы аптада анықталған жағдайлардың ішінде ауруханаға жатқызылған адамдардың үлес салмағы 19,5%, ал емдеуге жатқызылған жағдайы ауыр және өте ауыр пациенттердің үлесі 5% құрады.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Дүниежүзін дүрбелеңге салған коронавирустың омикрон түрі еліміздің эпидемиологиялық жағдайын ушықтырды. Қазақстанда омикрон штамы тез таралып, Түркістан облысын қоспағанда еліміз бен өзге өңір «қызыл» аймаққа орналасты. Соңғы айда коронавирус инфекциясымен ауыру 19,6, репродуктивті сан 2,1, COVID-19-ға тестілеу тәулігіне 3,5 есеге ұлғайды. Сондай-ақ күніне 50 мыңнан астам тест жасалуда. Ауру көбейсе де соңғы айда өлім-жітім аз, яғни 2,5 есе төмендеген.

Министр елде вакцинация қарқыны 1,6 және ревакцинация қарқыны 3 есеге төмендегенін мәлім етті. «Аурудың өсуін бағалап, сондай-ақ қабылданатын шаралар бойынша республикалық штабтар өткізіліп, тиісінше әрбір өңірмен жұмыс жүргізілетін болады», – деді Ажар Ғиният.