Елімізде жеміс ағаштарын диагностикалау жүйесі әзірленді
Жеміс ағашы қауіпті инфекциялық ауруды жұқтырды ма, жоқ па? Бұдан былай оны қазақстандық өнертабыс арқылы жоғары дәлдікпен анықтауға болады. Жаңа диагностикалық жүйе енді өсімдіктердің ДНҚ-сында Erwinia amylovora(Эрвиния Амиловора) бактериясын анықтауға мүмкіндік береді. Ол көбіне алма мен алмұрттың бүлінуіне әкеп соғады. Нәтижесінде, екі-ақ маусымның ішінде бақтағы жемістер жаппай жойылып кетуі ғажап емес. Бұл дерттің тиімді емі жоқ, алайда аурудың алдын алудың бірден-бір жолы бар. Ол ерте диагноз жасау. Отандық тест жүйе арқылы атақты қазақстандық алма бақтарын сақтап қалуға болады.
Нұрбол Ғалиақпаров, биотехнология және молекулялық генетика зертханасының меңгерушісі:
– Біз тест жүйесін әзірледік. Ол изотермиялық цикл реакциясы деп аталатын әдіске негізделген. Неліктен, изотермиялық? Өйткені, ол белгілі бір температурада жүзеге асады. Жүйенің ПТР тестке қарағанда сезімталдығы жоғары. Екеуін салыстыру үшін түрлі зерттеулер жүргіздік. Айырмашылық жүзден мың есеге дейін болып шықты. Сонымен қатар, ол жалған оң нәтиже бермейді. Бұл әдіс үшін қымбат жабдықты сатып алудың да қажеті жоқ. Сараптаманы суда жүргізуге болады. Негізінде, бұл әдісті далада да қолдануға болады.
Отандық ғалымдардың айтуынша, жаңа тест жүйесі шетелдік баламаларынан бірнеше есеге арзан және қазақстандық бағбандар үшін қолжетімді. Айта кетейік, әзірлеушілер өнеркәсіптік үлгіні кең көлемде шығаруға патент алу үшін өтінім беріп қойыған.
Автор: Жеңіс Ермұқанов