Елордалық тұрғын тарихи мәні бар QR-киім шығарады

Қазақстанның тарихы туралы ақпарат беретін ұлттық бренд. Елорда тұрғыны Данияр Балташев еліміздің аңыз тұлғаларын насихаттайтын киім шығарады. Бұл үшін ол ең заманауи тәсілді қолдану арқылы жейдешелерге QR–код басады. Сканересең, кейіпкердің өмірбаяны мен оған қатысты тарихи мәліметтер жүктелген сайтқа сілтеме шығады. Жоба авторы алғашқы топтамасын «Абылай хан» деп атаған.

Данияр Балташев, жоба авторы: 

– Киіп тұрған жейдеше – «Абылай хан» топтамасынан. Оған 12  тұлға кіреді. Бұл Керей мен Жәнібек, Кенесары, Абылай Хан, сондай-ақ, зиялы қауым өкілдерінен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин. Ақын, ғалымдар да бар. Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Бұқар Жырау. Кеңестік кезеңнің қайраткерлерінен Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы және Дінмұхамед Қонаев бар.

Ерекше жейдешелерге деген сұраныс жоғары. Ұлтжанды азамат жақын келешекте Қазақстанның көне шаһарлары және тарихи оқиғалары туралы ақпарат беретін балаларға арналған QR-киім топтамасын шығаруды жоспарлап отыр.

Данияр Балташев, жоба авторы: 

– Мен елімнің тарихын мақтан тұтамын. Соңғы кездері халық арасында ұлттық нақыштағы заттарға қызығушылықтың артқаны байқалады. Ел тарихын білгісі келетіндер көп. Клиенттердің арасында шетелдіктер де бар. Біз осы жейдешелер арқылы Қазақстан тарихын насихаттаудың тағы бір жолын тауып отырмыз.  

Бастамашыл іскер алдағы уақытта өндірісін кеңейтуді көздеп отыр. Жобаның табыстылығына нық сенімді. Өйткені Ұлы дала елінің тарихы туралы ақпарат беретін ағартушылық сипаты көптің көңілінен шығарына күмән жоқ, дейді Данияр.