Енді кеншілер 700 метр тереңдіктен тікелей бейнебайланысқа шыға алады

Енді кеншілер 700 метр тереңдіктен тікелей бейнебайланысқа шыға алады

Qarmet компаниясына қарасты шахталар заманауи армафондармен жабдықталып жатыр. Жаңа құрылғы 700 метрден астам тереңдіктегі кеншілермен тұрақты бейнебайланыс орнатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ. жер астындағы жұмыстың қауіпсіздігі мен жеделдігін арттырады.

Qarmet акционерлік қоғамының көмір департаментінде жаңа позициялау жүйесі қолданысқа енгізілген. Яғни, 8 шахта заманауи армафондармен жабдықталды. Компания биыл оның 570 данасын сатып алған. Кен орындарына арналған смартфондар ең бірінші кезекте қауіпсіздік үшін аса қажет.

Алексей Костливцев, Qarmet АҚ көмір департаментінің автоматика механигі:

– Айталық, Костенко атындағы шахтаға позициялау бағдарламасы бойынша 67 армафон жеткізілді. Сонымен қатар 20 құрылғы желдету және еңбек қауіпсіздігі учаскесіне берілді. Ал бір құрылғыны мамандар конвейерлік транспорт учаскесінде бұрыннан қолданып келеді. Арнайы құрылғылар көмір департаментінің тағы бес шахтасына таратылды. «Қазақстан» мен Күзембаев атындағы шахталарға 21 құрылғыдан үлестірілді. Позициялау толық іске қосылғалы әр шахта өндірістік міндеттерді орындауға ең керекті құрылғыларды түгелдей алған.

Армафон – бұл телефон емес. Өйткені процессоры одан да қуатты. Жер астындағы жағдайларға да өте төзімді. Смартфонға жалғанған жылу камерасы да бар. Ал позициялау жүйесі жер астындағы жұмыстың қауіпсіздігін жан-жақты қадағалауға мүмкіндік береді.

Тимофей Фадин, Qarmet АҚ «Костенко» шахтасы позициялау учаскесінің механигі:

– Бұл құрылғы өте қолайлы. Сенсорлы телефон шахтада – ең жақсы құрал. Тез арада жер үстімен байланысқа шыға аласыз. Кез келген ақауға қатысты ақпарат пен фотосуретті жіберуге болады. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда жұмыс айтарлықтай жеделдеді. Армафондармен жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл екенін өз басым анық байқадым.

Тіпті армафондардың көмегімен 700 метр тереңдіктегі жұмысшылармен бейнебайланысқа шығуға болады. Жаңа құрылғы арқылы диспетчерлік-талдау орталығының операторлары кеншілердің жұмысын онлайн көре алады.

Алексей Костливцев, Qarmet АҚ көмір департаментінің автоматика механигі:

– Армафондар – позициялаудың ауқымды жүйесінің бір бөлігі. Құрал сыртқы әсерлерден жоғары деңгейде қорғалған. Сондықтан жыл соңында бүкіл позициялау жүйесін пилоттық пайдалану режимінде іске қосу жоспарланып отыр. Яғни жүйе жұмыс істейді. Бірақ оның қосылуымен қатар оған түзетулер де жүргізіледі. Мысалы, қызған роликтерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік беретін жылулық бақылау мен жерастының әлсіз жарық жағдайында пайдасы орасан зор түнгі түсірілім жүйелері бар.

Шахталардағы диспетчерлік бөлмелер де күрделі жөндеуден өтті. Мұнда операторлар үшін барынша жайлы жағдай жасалған. Көмір департаментінің диспетчерлік-талдау орталығына барлық позициялау жүйелері қосылғанда оның мүмкіндігі де арта түспек. Мамандар барлық 8 шахтадағы жағдайды онлайн бақылай алады. Кен орындарын цифрландыру – өндірісті технология жағынан жаңа деңгейге шығармақ.

Авторы: Жанбота Рахметуллаұлы