«Еркіндік керуені» шерушілері Брюссельге кіре алмады

«Еркіндік керуені» шерушілері Брюссельге кіре алмады

Брюссельге бет алған «Еркіндік керуені» акциясына Франция, Нидерланды және Германиядан келген қатысушылардың жолын тәртіп сақшылары бөгеді. Корольдік полиция шараға қатысушыларды қалаға кіре берістегі блокбекеттерде күтіп алып, шаһар шетіндегі тұрақтарға бағыттады. Жүк машинасын жүргізушілер Бельгия билігі тыйым салған наразылық шараларын Еуропалық институттар мен НАТО-ның штаб-пәтері орналасқан ауданда өткізуді жоспарлаған. Дегенмен Еуроодақ астанасының орталығына наразылық білдірушілердің бірен-сараны ғана жетті. Брюссельдің негізгі жолдарын бітеп тастамақ жоспарлары да жүзеге аспай қалды.

Еске салайық, жүк көлігін жүргізушілер коронавирусқа қарсы шектеулерге және экономикалық дағдарыстың салдарына қарсы.

Жерар Грило, Франциядан келген ереуілші:

- Дүниежүзі бастан кешіп отырған жағдай дұрыс емес, осыны әрбір адамға жеткізіп, халықтың санасын оятқымыз келді.

Мари-Франц Ванде Кастель, Бельгиядан келген ереуілші:

- Мен мұнда немерелерім үшін келдім. Өзім вакцинаға қарсы емеспін, бірақ міндетті вакциналауға қарсымын.