Францияда қазақстандық режиссердің фильмі көрсетіледі

Қазақстандық режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Барымташылар. Уақыт жолы» фильмі Францияда прокатқа шығады. Елдің 21 қаласында көрсетілетін фильмде тату отбасы туралы баяндалады. Алайда отағасы кісі қолынан қаза болған соң олардың өмірінен береке кете бастайды.

«Жапондық режиссер Лиза Такебамен бірге түсірілген фильм әлемдік кинематографтың отанында көрсетілетіні біз үшін қуанышты жағдай. Париж кинотеатрларының біріне жасырын кіріп, француз көрермендерімен бірге фильмді көріп, олардың реакциясын сезінгім келеді», – деп бөлісті режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов.

Кинода мықты актерлік құрам жиналды. Ең үздік әйел рөлі үшін Канн кинофестивалі жүлдесінің иегері Самал Еслямова, белгілі театр және кино актері Дулыға Ақмолда және жапон актері Мирай Морияма фильмге түсті. Әкесінен айырылған ұлдың рөлін Мәди Минайдаров сомдады.

Айта кетсек, «Барымташылар. Уақыт жолы» фильмі 2019 жылы XXIV Пусан халықаралық кинофестивалін ашқан болатын.