Қ. Тоқаев бірқатар кездесулер өткізді

Қ. Тоқаев бірқатар кездесулер өткізді

БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессия аясында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекет басшыларымен, Халықаралық «Қызыл Крест» комитетінің Президенті, сондай-ақ, Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен кездесті. Кейінгісінде тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамыту жайын талқылады. Энергетика және көлік-логистика салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі сөз болды.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишельмен де кездесті. Тараптар саяси диалогты дамытуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге баса мән берді. Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуды сөз етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жұмыс сапарының соңында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысымен келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Антониу Гутерриштің «Болашақ саммитін» шақыру туралы бастамасын толық қолдайтынын жеткізді. Президент осы маңызды жиынның қорытындысы Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыруға ықпал ететінін айтты. Тараптар Мемлекет басшысының Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі хаб құру бастамасының жүзеге асырылу барысын қарастырды.

Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақш-қа сапары аясында 27 кездесу өткізіп, 3 ірі шараға қатысты.